Ең үздік қолжетімді техникалар (ЕҚТ) тұжырымдамасы

Ең үздік қолжетімді техникалар (ЕҚТ) тұжырымдамасы – экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілер арасындағы оңтайлы тепе-теңдікке қол жеткізуге бағытталған өндірістік процестер мен әрекеттерді реттеу тәсілінің бірі. Бұл тұжырымдама ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз ету, қоршаған ортаға теріс әсерді азайту және адамдардың өмір сүру жағдайын жақсарту үшін әзірленген.

ЕҚТ тұжырымдамасының тарихы ресурстарды өндіру мен пайдаланудың мейлінше тұрақты әдістерін дамыту қажеттілігі жүзеге асырылған ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Ол кезеңде өнеркәсіптік процестер тек өнімділік пен пайданы арттыруға бағытталып, олардың қызметінің экологиялық зардаптарына тиісті назар аударылған жоқ.

Бастапқыда ЕҚТ тұжырымдамасы экологиялық мақсаттарға қол жеткізу құралы ретінде Еуропалық қоғамдастық шеңберінде ұсынылды. Ол жаңа ережелер енгізілген кездегі ең озық және тиімді технологияларды қолдануға шақырды.

1980 жылдары ЕҚТ тұжырымдамасы кеңінен қабылданып, Еуропалық Одақ саясатына енгізілді. Осы тұжырымдаманың негізінде кәсіпорындарды ластаушы заттардың шығарындыларын азайту және ресурстарды пайдалануды оңтайландыру үшін ЕҚТ қолдануға міндеттейтін Еуропалық Одақ директивалары әзірленді.

Одан кейінгі жылдары ЕҚТ тұжырымдамасын басқа елдер мен халықаралық ұйымдар қабылдады. Ол халықаралық құқықтың маңызды бөлігіне айналып, климаттың өзгеруімен, ластанумен және ресурстарды шамадан тыс пайдаланумен күресуге бағытталған әртүрлі келісімдердің бөлігіне айналды.

Қоршаған ортаға теріс әсер етудің кешенді алдын алу және азайтудың негізінде жатқан философияны белгілеу үшін әртүрлі терминдер қолданыла бастады.

Ол терминдердің бірқатары:

BATNEEC - Best Available Technology Not Entailing Excessive Cost (артық шығынсыз ең үздік қолжетімді технология);

BACT - Best Available Control Technology (ең үздік қолжетімді басқару технологиясы);

BPEO - best practicable environmental option (іс жүзінде мүмкін болатын ең үздік экологиялық нұсқа);

MACT - Maximum Achievable Control Technology (ең жоғары қолжетімді бақылау технологиясы);

RACP - reasonably available control technology (ластанудың алдын алудың жеткілікті қолжетімді, негізделген технологиясы) және басқалары.

Еуропалық Одақтың Өнеркәсіптік шығарындылар жөніндегі Директивасында (2010/75/EU) ЕҚТ-ға келесідей анықтама берілген:

«Ең үздік қолжетімді техникалар» қызметті және оны жүргізу әдістерін дамытудағы ең тиімді және озық кезеңді білдіреді. Бұл шығарындылардың шекті мәндері мен алдын алуға бағытталған басқа да рұқсат ету шарттарының негізін қамтамасыз ету үшін нақты әдістердің (тәсілдердің) іс жүзіндегі жарамдылығын көрсететін, ал егер бұл мүмкін болмаса, шығарындыларды азайтуға және қоршаған ортаға әсер етуді төмендететін әдістер жинағы.

ЕҚТ тұжырымдамасы Қазақстан Республикасына экологиялық заңнаманы реформалаудың басталуымен келді. Бастапқыда Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінде «Ең үздік қолжетімді техника» ұғымы енгізілді. Ал 2021 жылы жаңа Экологиялық Кодекс қабылданған кезде ЭЫДҰ елдерінде жалпы қабылданған Экологиялық реттеу тәсілдері ескеріліп, сондай-ақ экологиялық рұқсатнамалар және ең үздік қолжетімді техникаларды қолдану саласында өзгерістер жүргізілді.

Осылайша, Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық Кодексіне сәйкес, ең үздік қолжетімді техникалар ұғымының негізгі мәні – қызмет түрлері мен оларды жүзеге асыру әдістерін дамытудың неғұрлым тиімді және озық кезеңі. Бұл олардың технологиялық нормативтер мен өзге де экологиялық жағдайларды белгілеудің негізі ретінде қызмет ету үшін, егер бұл іс жүзінде мүмкін болмаса, теріс антропогендік әсерді барынша азайтуға бағытталған іс жүзіндегі жарамдылығын куәландыратын техникалар.

ЕҚТ-ның әртүрлі анықтамалары қалай тұжырымдалса да, негізгі элемент қоршаған орта сапасына негізделген тәсілмен біріктірілген технологиялық әдіс болып саналады.

Жалпы, ЕҚТ тұжырымдамасы тұрақты дамуға қол жеткізуде және қоршаған ортаны сақтауда маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда ЕҚТтұжырымдамасы әртүрлі салаларда, соның ішінде өндіріс, энергетика, ауыл шаруашылығында дамып, кеңінен қолданылып жатыр. Ол инновациялар мен жаңа технологиялардың дамуын ынталандырып, зиян заттардың шығарындыларын азайтуға және ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Ең үздік қолжетімді техникалар (ЕҚТ) тұжырымдамасы Ең үздік қолжетімді техникалар (ЕҚТ) тұжырымдамасы
Мәңгілік Ел даңғылы, С1.4 Z00Y4T8 Нұр-Сұлтан Ақмола облысы Қазақстан