"Жасыл көпір" институты-ЖКСБ міндеттерін орындаудың ақпараттық-талдау құралы.
"Жасыл Көпір" серіктестік бағдарламасы – бұл бизнеспен, жұртшылықпен және халықаралық ынтымақтастықпен көпжақты әріптестік негізінде елдердің жасыл экономикаға көшуіне арналған Қазақстанның халықаралық экологиялық бастамасы. Бағдарламаның идеясын ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылғы мамырда III Астана экономикалық форумында ұсынған болатын. Бағдарлама орнықты және тиімді даму жөніндегі экологиялық және экономикалық саясатты біріктіруді, сондай-ақ жаһандық экологиялық проблемалардың ортақ шешімдерін табуды білдіреді. Кейіннен осы бағдарламаның міндеттері 2013 жылы Елбасы қол қойған елдің "жасыл" экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдаманың негізіне айналды.
"Жасыл көпір" серіктестік бағдарламасында қойылған маңызды міндеттерді табысты іске асыру үшін және Қазақстанның экономикалық даму жағдайларын, сондай–ақ "жасыл" экономикаға көшуге тікелей тартылған өндірістер салаларының жай-күйін ескере отырып, іргелі ғылым және ғылыми қоғамдастықты қолдау түбегейлі рөл атқарады.
Сондықтан осы бағдарламаның мақсаттарының бірі Қазақстан Республикасының аумағында зерттеулер жүргізу, технологияларды дамыту мен трансферттеу және инкубаторларды дамыту үшін ақпараттық-талдау институтын құру болып табылады.
ЖКСБ хартиясына сәйкес бұл институт өз қызметін жүзеге асырады және ЖКСБ құзыретті органы басқарады. Біздің еліміздегі осындай құзыретті орган Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (ХЖТИЖО) - Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі уәкілеттік берген ұйым болып табылады.
Осылайша, Ғылыми-техникалық даму кеңсесінің, ХЖТИЖО құрылымдық бөлімшесінің базасында "Жасыл көпір" институты құрылды. Бұл Институт ел ауқымында "жасыл" экономиканы дамыту бағытында білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін жүйелендіруге арналған.
Институттың миссиясы-ЖКСБ міндеттерін іске асыру шеңберінде ЖКСБ қатысушы елдермен бірлесіп халықаралық деңгейде үйлестірілген өзара іс-қимыл арқылы жасыл технологиялар мен жасыл экономика саласындағы зерттеулер мен жобалардың ғылыми-техникалық деңгейін және ғылыми нәтижелерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Институттың міндеттері:
- Жасыл экономика мәселелерін шешуде және ілгерілетуде халықаралық кооперация үшін ЖКСБ қатысушы елдермен бірлесіп ЖКСБ міндеттерін іске асыруға жәрдем көрсету.
- Жасыл технологияларды/бағдарламаларды/жобаларды, білім беру және оқыту бағдарламаларын әзірлеуді және ілгерілетуді, ғылыми – техникалық қоғамдастықтың тәуелсіз сараптамалық пікірін қамтамасыз ететін халықаралық ғылыми-академиялық платформа құру
- ЖКСБ елдері арасында жасыл өсу жөніндегі міндеттерді іске асыруда өңірлік үйлестіруші ретінде Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары мен ҒЗИ-мен және ЖКСБ қатысушы елдермен байланысты нығайту.